Тексіздікке тосқауыл қашан қойылады? Қоғамда мұндай мәселеге бейжай қарамау қажет
Газета Наш Костанай [Unofficial]
June 6, 2026
Қоғамның дертіне айналған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі елімізде де, біздің Қостанай өңірінде де әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей тұр. «Есік артындағы құпия» деп жасырылғанмен, бұл мәселенің зардабы бүкіл қоғамға тиюде. Қостанай облысы мен қаласында тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Заң талаптары қатайтылып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау шаралары күшейтілді. Дегенмен, полиция мәліметтеріне сүйенсек, өңірдегі отбасылық жанжалдар бойынша шақыртулар әлі де азаймай отыр. – Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бүгінгі таңда қоғамдағы өзекті проблемалардың бірі болып қалып отыр. Өңір аумағында күн сайын отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар тіркеледі. Полиция органдарына азаматтардан түрлі сипаттағы шағымдар мен хабарламалар түсіп жатады. Олардың қатарында отбасындағы жанжалдар, психологиялық қысым көрсету, дене жарақатын салу, қорқыту, бопсалау және өзге де заңсыз әрекеттер бар. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды. Полиция қызметкерлері барлық факті бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шешімдер қабылдайды, – дейді ПД отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны Әсел Мұратбек. Десек те соңғы жылдары өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерінің азаюы байқалады. Бұл, ең алдымен, профилактикалық іс-шаралардың күшеюімен, халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарының артуымен және мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысының нәтижесімен байланысты. Сонымен қатар заңнамаға енгізілген өзгерістер де оң әсерін тигізіп отыр. – Көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың психологиялық және физикалық түрлері тіркеледі. Атап айтқанда, отбасы мүшелерін қорқыту, балағаттау, ар-намысына тию, қысым көрсету, ұрып-соғу секілді жағдайлар жиі кездеседі. Сонымен қатар тұрмыстық жанжалдар көп жағдайда алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс пайдалану салдарынан орын алады. Кейбір отбасыларда ұзақ уақыт бойы жалғасатын жүйелі қысым көрсету деректері де анықталады. Сонымен бірге кей азаматтардың құқықтық сауаттылығының төмендігі, жанжалдарды бейбіт жолмен шешу дағдысының қалыптаспауы да осындай құқықбұзушылықтарға әкеледі. Кей жағдайларда зорлық-зомбылықтың қайталануы бала кезден қалыптасқан теріс тәрбиемен де байланысты болады, – дейді ол. Полицияға жүгінген әрбір азаматқа заң аясында қажетті көмек көрсетіледі. Қызметкерлер алдымен жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері жағдайды анықтап, арыз қабылдайды және тиісті материалдарды рәсімдейді. Қажет болған жағдайда құқықбұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылады. – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған азаматтарға әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Құқықбұзушылықтың ауырлығына қарай ескерту жасау, айыппұл салу, әкімшілік қамауға алу, белгілі бір мерзімге бас бостандығын шектеу сияқты шаралар қолданылады. Егер жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірілсе немесе жүйелі түрде қысым көрсету фактілері анықталса, кінәлі тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Заң талаптарын қатаңдату арқылы мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөліп отыр, – дейді Әсел Мұратбек. Қазіргі уақытта полиция органдары дағдарыс орталықтарымен, әлеуметтік қорғау мекемелерімен, денсаулық сақтау ұйымдарымен және білім беру саласының мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мұндай өзара іс-қимыл жәбірленушілерге кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Дағдарыс орталықтарында азаматтарға уақытша баспана, психологиялық қолдау, заңгерлік кеңес және әлеуметтік бейімдеу қызметтері ұсынылады. Әсіресе кәмелетке толмаған балалар мен әйелдердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. – Статистикаға сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан ең көп зардап шегетіндер – әйелдер мен балалар. Олар көбіне физикалық және психологиялық қысымға ұшырайды. Сонымен қатар қарт адамдар мен ер азаматтардың да туыстары тарапынан қысым көру жағдайлары кездеседі. Кейбір азаматтар қорқып немесе ұялып құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Сондықтан қоғамда мұндай мәселеге бейжай қарамау және дер кезінде көмек сұрау мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Қызмет барысында түрлі тағдырлармен бетпе-бет келуге тура келеді. Кей жағдайларда дер кезінде көрсетілген көмек ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ПД өкілі. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы ең маңызды қадам – қоғамда мұндай әрекеттерге мүлдем төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру. Әрбір азамат зорлық-зомбылықтың кез келген түрі заңға қайшы екенін түсінуі қажет. ҮНСІЗДІК МӘСЕЛЕНІ УШЫҚТЫРАДЫ Өңірдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдарына, әлеуметтік қызметтерге және балалардың құқықтарын қорғау мекемелеріне түсетін өтініштер бұл мәселенің қоғамда әлі де өткір екенін көрсетіп отыр. Бұл туралы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Бәсенова өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, ең алдымен отбасылық құндылықтарды нығайту үшін жастарға отбасы психологиясы мен жауапты ата-аналық туралы білім беру қажет. – Мен өзім бұл мәселені түрлі кездесулерде жиі көтеремін. Жастарды мектеп қабырғасынан бастап, тіпті отбасы құрғанға дейін дайындауымыз керек. Өйткені қазіргі кезде көптеген отбасылар екі-үш жылға жетпей ажырасып жатады. Бір немесе екі бала дүниеге келгеннен кейін де ажырасуға жол беретін жағдайлар кездеседі. Бұл олардың отбасылық өмірге дайындықсыз келгенін, жауапкершіліктің мәнін толық түсінбейтінін көрсетеді. Кей жағдайда ата-аналық жауапкершіліктің не екенін де жете білмейді, – дейді Несібелі Бәсенова. Оның пікірінше, мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында саламатты қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды кеңейту қажет. Сонымен қатар отбасылық кеңес беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру маңызды. – Көптеген жанжалдар уақытында психологиялық көмек көрсетілген жағдайда ауыр зардаптарға жеткізбей шешілуі мүмкін. Сондықтан отбасылық өмірге дайындау, психологиялық қолдау көрсету жұмыстарын күшейту қажет. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде өзара сыйластыққа негізделген отбасы моделін кеңінен насихаттау керек. Конституциямызда да отбасы институтын қорғау мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға ерекше мән берілген. Сондықтан бұл жұмысқа мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл қоғам жұмылуы тиіс, – дейді ол. Маманның айтуынша, бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі ерекше. Балаларға кішкентайынан ертең өздері де отбасы құратынын түсіндіріп отыру қажет. Ата-анасына қандай құрмет көрсетсе, болашақта өз отбасы мүшелеріне де сондай құрмет көрсету керектігін айтып, үнемі тәрбие беру керек. Маманның сөзінше, Қостанай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі әлі де күрделі болып отыр. – Құқық қорғау органдарына, әлеуметтік қызметтерге және балалардың құқықтарын қорғау мекемелеріне келіп түсетін өтініштер бұл мәселенің өзектілігін көрсетеді. Дегенмен соңғы жылдары азаматтардың құқықтық сауаттылығы артты. Бұрын көптеген әйелдер мен балалар зорлық-зомбылық туралы мүлдем хабарламайтын болса, қазір олар көмек сұрауға және өз құқықтарын қорғауға көбірек дайын. Көп жағдайда 111 байланыс орталығына, 102 қызметіне немесе басқа да мемлекеттік органдарға жүгінеді, – дейді маман. Сонымен қатар ол көптеген жағдайлардың әлі де жасырын қалып отырғанын айтты. Кейбір азаматтар отбасын сақтап қалу үшін, қоғамның пікірінен қорыққандықтан немесе экономикалық тәуелділік салдарынан шағымданудан бас тартады. Әсіресе кейбір әйелдердің материалдық жағынан күйеуіне тәуелді болуы мәселені ушықтырып отыр екен. – Бұрын өтініштердің басым бөлігі физикалық зорлық-зомбылыққа қатысты болса, қазір психологиялық қысым көрсету, қорқыту, эмоционалдық зорлық және цифрлық бақылауға қатысты шағымдар көбейіп келеді. Кей жағдайда адамға қол көтерілмегенімен, оның психологиялық жағдайына айтарлықтай зиян келтіріледі. Сондықтан әрбір шағым толық зерттеліп, тиісті органдардың бақылауына алынады, – дейді Несібелі Бәсенова. Отбасындағы зорлық-зомбылық бала психологиясына өте ауыр әсер етеді. Бала өзін қауіпсіз сезінбейді, үнемі қорқыныш пен күйзеліс жағдайында өмір сүреді. Мұндай балалардың арасында мазасыздық, тұйықтық, агрессия, өзін төмен бағалау, ұйқының бұзылуы және оқу үлгерімінің төмендеуі жиі кездеседі. Кейбір балалар есейген
Сообщение Тексіздікке тосқауыл қашан қойылады? Қоғамда мұндай мәселеге бейжай қарамау қажет появились сначала на Газета "Наш Костанай".
Discussion in the ATmosphere