{
"$type": "site.standard.document",
"bskyPostRef": {
"cid": "bafyreietnpi73rvkyviocu6xanna75lrzsvgfdpw6l42dgxhuil7vp72bm",
"uri": "at://did:plc:kzpe3hxbotmnxspmoy3vohpu/app.bsky.feed.post/3mn5fyz6enca2"
},
"coverImage": {
"$type": "blob",
"ref": {
"$link": "bafkreigldvxyn2mvo6cdptteuuhgyex4thlj2wtu7ddgygxevyp7ecilmu"
},
"mimeType": "image/jpeg",
"size": 147128
},
"path": "/d%d3%99riger-%d2%9babyldauyna-zhazylu-m%d3%99selesi-%d2%9balaj-sheshilude/",
"publishedAt": "2026-05-31T09:35:44.000Z",
"site": "https://top-news.kz",
"tags": [
"БІЗДІҢ ҚОСТАНАЙ",
"ЗДРАВООХРАНЕНИЕ",
"Дәрігер қабылдауына жазылу мәселесі қалай шешілуде?",
"Газета \"Наш Костанай\""
],
"textContent": "Кей емханаларда жалпы тәжірибе дәрігері мен терапевт қабылдауына жазылу бірнеше күнге, тіпті аптаға созылса, енді бірінде науқастар дәл сол күні дәрігерге қарала алады. Дегенмен шұғыл жағдайларда медициналық көмекті күтпей алуға мүмкіндік бар. Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандары алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында енгізіліп жатқан өзгерістер туралы айтып берді. Елімізде емханалардың қызметі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №49 бұйрығына сәйкес ұйымдастырылады. Онда пациенттердің жағдайына қарай қабылдаудың бірнеше бағыты қарастырылған. Мәселен, адамның қан қысымы күрт көтерілсе, белі шойырылып немесе созылмалы ауруы асқынған жағдайда терапевтті күтудің қажеті жоқ. Ол үшін арнайы шұғыл медициналық көмек кабинеттері қарастырылған. Науқастар онда медициналық көмек алу үшін дәл сол күні кіре алды. – Жөтел, дене қызуы, тұмау, пневмония, коронавирус сияқты жұғу белгілері бар адамдар сүзгі кабинеттеріне алдын ала жазылмай-ақ қабылданады. Бұл кабинеттер барлық медициналық ұйымдарда қарастырылған. Дәрігерлер мұндай пациенттерге еңбекке жарамсыздық парағын ашып, түрлі талдауларға жолдамаларды да бере алады. Кейін ем алушы қайта қабылдауға өз учаскелік дәрігеріне алдын-ала жазылып барады, – деп түсіндірді Денсаулық сақтау басқармасының алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша штаттан тыс қызметкері Жандос Рахметов. Егер 3 жасқа дейінгі баланың қызуы көтерілсе, ата-анасы дәрігерді үйіне шақырта алады. Сондай-ақ отадан кейінгі, ауруханадан жаңа шыққан, яғни жүріп-тұруы қиындаған азаматтар үшін мобильді бригадалар қызмет көрсетеді. Ол үшін емхананың call-орталығына хабарласу жеткілікті. Шұғыл көмек қажет болған жағдайда тұрғындар дәрігер қабылдауын апталап күтпеуі тиіс. Медицинада енгізіліп жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты да осы – медициналық көмекке қолжетімділікті арттырып, ұзақ кезекті азайту. Терапевт қабылдауын күту 3 күннен аспауы тиіс Жоспарлы қабылдау бойынша бүгінгі талап – жалпы тәжірибе дәрігеріне жазылу уақыты 3 күннен ұзақ болмауы керек. Ал тар бейінді арнайы мамандарға күту мерзімі 15 күнге дейін белгіленген. – Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі жалпы тәжірибе дәрігеріне жазылу мерзімі орташа есеппен 3 күн көлемінде болуын талап етіп отыр. Медициналық көмек алушы дәл сол күні дәрігер қабылдауына жазыла алса, бұл – керемет нәтиже. Қазіргі таңда біз соған қол жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Ал терапевт қабылдауына жазылу бір аптаға немесе одан ұзаққа созылса, пациенттер өз емханасындағы науқастарды қолдау орталығына хабарласа алады. Бұл қызмет тұрғындардың мәселесін жедел шешу үшін құрылған. Егер мәселе шешілмей, азамат басқа мекемеге шағымданса, алдымен сол емхананың ішкі аудит қызметінің жұмысы қаралады, – дейді Жандос Жарылқасынұлы. Сондықтан дәрігер қабылдауына қатысты сұрақ туындаған жағдайда тұрғындарға өз емханасындағы қолдау қызметінің байланыс нөмірін біліп жүру ұсынылады. Ол ақпарат медициналық ұйымдардың ресми сайттарында орналастырылған. Қабылдауды ұзақ күту көбіне дәрігер тапшылығына, қызметкерлердің еңбек демалысына шығуына немесе сырқаттануына байланысты туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда тіркеу бөлімі емханаға жүгінушілерді басқа дәрігерлерге қайта бөліп, қабылдау уақытын реттеуге тырысады. Сонымен қатар қазір тар бейінді мамандардың қабылдау кестесін кемінде 2 ай бұрын ашу қарастырылуда. Алайда қазір бұл жүйе барлық ұйымда бірдей қалыптаспаған. Кей емханаларда жазылу 1 ай бұрын ашылса, енді бірінде тек 2 аптаға ғана қолжетімді. Ал арнайы мамандардың қабылдауы немесе УДЗ, ФГДС тәрізді қызмет түрлері болмаса, пациентті басқа медициналық ұйымдарға жолдауға мүмкіндік бар. Кадр тапшылығы және жүктемені азайту Алғашқы буындағы медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеме қашанда жоғары. Бір жалпы тәжірибе дәрігеріне 1700–2000 тұрғыннан артық бекітілмеуі тиіс. Ал қабылдау уақыты 6 сағатпен шектеліп, тағы 2 сағат құжат жұмыстарын жүргізуге бөлінеді. Қазіргі таңда емханалардағы жүктемені азайту үшін медбикелердің құзыретін кеңейту тәжірибесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, терапевт қабылдауына жазылушылардың барлығына бірдей дәрігердің тікелей қызметі қажет бола бермейді. Сондықтан жоспарлы қабылдаулардың бір бөлігін медбикелерге беру арқылы дәрігерлердің уақытын үнемдеу көзделген. Мысалы, бір дәрігердің кабинетінің алдында 50-60 адамға дейін отырады. Олардың арасында 3 күн, 1 апта күткендер де бар. Бірақ сол пациенттердің бәріне бірдей дәрігердің қызметі қажет емес. Кейбіріне жоспарлы госпитализация алдында талдамаға жолдама алу керек болса, енді біріне анықтама қажет. Балаларын үйірмелерге немесе секцияларға қатыстыру үшін талдама тапсыратын, анықтама алатын ата-аналар да келеді. Осындай жағдайларда қабылдаудың бір бөлігін медбикелер жүргізсе, дәрігердің жүктемесі де азаяды, – дейді Жандос Рахметов. Осыған байланысты қазір емханаларда кеңейтілген тәжірибедегі медбикелердің жұмысы күшейтіліп жатыр. Яғни дәрігердің араласуын қажет етпейтін кей қызметтерді медбикелер өз бетінше қабылдай алады. Бұл әсіресе диспансерлік есепте тұрған науқастарға қолайлы болмақ. – Қазір қала емханаларында бұл тәжірибе енгізіліп жатыр. Диспансерлік есепте тұрған пациенттер дәрі алу немесе жоспарлы талдамалар тапсыру үшін бұрынғыдай терапевтке емес, медбикеге жазылады. Осы арқылы дәрігерлердің қабылдауындағы кезекті азайтып, азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру көзделіп отыр, – деп атап өтті маман. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, бұл мәселеге кадр тапшылығы да әсер етеді. Оқуын аяқтаған соң интернатура түлектерінің көпшілігі емханаларда жұмыс істеуден гөрі резидентураға түсіп, тар бейінді маман атануға тырысады. Денсаулық сақтау саласындағы қазіргі басты мақсаттарының бірі – тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру. Ол үшін емханаларда қабылдау жүйесін жаңарту, медбикелердің рөлін күшейту және жас мамандарды алғашқы буын медицинасына тарту бағытында жұмыстар жалғасуда. Назгүл АЗАТҚЫЗЫ, суреттерді Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды\n\nСообщение Дәрігер қабылдауына жазылу мәселесі қалай шешілуде? появились сначала на Газета \"Наш Костанай\".",
"title": "Дәрігер қабылдауына жазылу мәселесі қалай шешілуде?"
}